Британдық боксшы Тайсон Фьюриге шизофрения диагнозы қойылғанын мойындап, өзі мен отбасына қауіп төндірген дауыстар естіген ауыр психикалық дағдарысы туралы әңгімеледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Спортшының диагнозы туралы Netflix деректі фильмінде оның әйелі Пэрис айтты. Фьюридің өзі де бастан кешкен дағдарысы мен кездескен симптомдарын ашық бөлісті.

Ауыр жағдай 2015 жылы Владимир Кличконы жеңгеннен кейін басталды. Чемпиондық титулға қарамастан, Фьюри депрессияға түсіп, алкоголь мен есірткіге әуестенді.

«Қандай қараңғылықта жүргенімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл тозақ жалынының тірі нұсқасына ұқсады. Мен жүз пайыз есігі құлыпталған бөлмеде қаламын деп ойладым, бұл мені қатты қорқытты», — деп мойындады боксшы.

2016 жылдың маусымында спортшыны жүрек талмасы күдігімен жедел түрде ауруханаға жеткізді. Пэристің айтуынша, күйеуі қатты қорыққан және оны біреулер іздеп жүр деп айтқан. Ол өзін өлтіруге дайындалып жатқанын алға тартқан.

Фьюри өзіне және отбасына қауіп төндірген дауыстарды естігенін де айтты. Оған радио өзімен сөйлесіп жатқандай көрініп, өзі уланғандай сезінген.

Психиатрға қаралғаннан кейін боксшы тексеруден өтті. Ол өзінде депрессия, үрей мен биполярлық бұзылыстың симптомдарын байқағанын еске алады. Пэрис дәрігердің күйеуіне шизофрения диагнозын қойғанын айтты. Алғашында ол бұған сенбеді, бірақ кейін дәрігерлер сипаттаған симптомдар Тайсонның жағдайымен сәйкес келгенін мойындады.

Қазір Фьюри апта сайын психиатрға қаралып, көмек алуды жалғастыруда. Боксшы 11 желтоқсанда Кардиффте өтетін Энтони Джошуамен жекпе-жекке дайындалуда.