Талдықорғанда заңсыз діни қызметтің жолы кесілді: қала прокуратурасы бір қоғамдық қордың жұмысындағы заңбұзушылықтарды анықтап, сот арқылы оны лицензиясынан айыртты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қадағалау органының ресми сайтында мәлім болғандай, діни қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау барысында Талдықорған прокуратурасы заңсыз діни оқыту және азаматтарды тіркеу ережелерін бұзу фактілерін анықтады.
«Бір қоғамдық қордың тиісті лицензиясыз діни оқыту жүргізгені анықталды. Сонымен қатар қордың үй-жайларында 8 азамат тұрақты мекенжайы немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеусіз тұрған. Аталған адамдар ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабының 1-бөлігі (Тұрақты мекенжайы немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеусіз тұру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді облыс прокуратурасында.
Анықталған заңбұзушылықтардың жолын кесу мақсатында Талдықорған прокуратурасы қоғамдық қорды лицензиясынан айыру туралы талап арызбен сотқа жүгінді.
Сот шешімімен прокурордың талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды. Қордың өкілі қойылған талаптарды мойындады.
Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


