Талдықорғанда әкімшілік жауапкершіліктен құтылу әрекеті әйел үшін қылмыстық іспен аяқталды: ол сотқа жүктілігі туралы жалған медициналық анықтама ұсынған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Жетісу облысы прокуратурасына сілтеме жасап хабарлауынша, сотқа жалған медициналық құжат ұсынылғанын Талдықорған прокуратурасы әкімшілік істі зерделеу кезінде анықтаған. Анықтама әйелді жауапкершіліктен босатуға тиіс еді.

Аталған азаматша Hyundai Sonata көлігін мас күйінде басқарған, ал іс сотта қаралған кезде жекеменшік клиниканың жүктілігі туралы анықтамасын ұсынған.

Алайда қарсы тексеру барысында прокуратура әйелдің көрсетілген медициналық мекемеге бармағанын, тексеруден өтпегенін және оған жүктілік туралы анықтама берілмегенін анықтады.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабының 1-бөлігімен (құжаттарды қолдан жасау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Сонымен қатар сот қаулысымен әйелге 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.