Тараз — Астана бағытындағы рейсті орындаған әуе кемесінің бортындағы полицейлер түсірілген видео Instagram-ның қазақстандық сегментінде тарады. Көліктегі полиция департаменті тексеріске не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кадрларда тәртіп сақшыларының лайнер салонын қарап жүргені көрінеді. Жазба авторы тексеріс жолаушылардың бірі ұшудан бас тартқаннан кейін басталғанын, ал рейстің кешіктірілгенін алға тартқан.
Ведомствода нақтылағандай, ер адам отырғызу кезінде бортсерікке жүгініп, отбасылық жағдайларға байланысты ұшудан бас тартатынын мәлімдеген.
«2026 жылғы 18 қазанда "Тараз — Астана" бағытындағы рейсті орындаған әуе кемесіне жолаушыларды отырғызу кезінде азаматтардың бірі бортсерікке жүгініп, отбасылық жағдайларға байланысты ұшудан бас тартатынын мәлімдеді. Осыған байланысты жолаушыны және оның багажын рейстен алу бойынша белгіленген рәсімдер басталды», — деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Ведомство дерегінше, тексеру барысында осы жолаушының отыратын орнында тыйым салынған заттар немесе бұйымдар табылмаған. Әуекомпания өкілдерінен немесе басқа жолаушылардан полицияға шағым мен наразылық түспеген.
Сондай-ақ Алматыдан Астанаға ұшу алдында ұқсас жағдай болғаны атап өтіледі: жолаушы ұшақтан шыққан соң полиция бөліміне жеткізіліп, жауапкершілікке тартылған.


