Таразда 35 жастағы ер адам бұрынғы әйелінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды. Олар ажырасқаннан кейін қайта бірге тұра бастаған еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, апелляциялық саты Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиянды қасақана келтіру) бойынша қылмыстық істі қарады.
Тараздың №2 соты сотталған адам мен жәбірленуші бұрын тіркелген некеде болғанын, ал ажырасқаннан кейін бірге тұруды қайта бастағанын анықтады. 2025 жылдың тамызында олардың арасында тұрмыстық негізде жанжал шықты. Ұрыс кезінде сотталушы әйелдің бетіне бірнеше рет ұрды, соның салдарынан ол есінен танып қалды. Оған қолдың жабық сынығы диагнозы қойылды.
2025 жылдың қыркүйегінде әйел қолының ауырғанын және дәрігерге қаралу қажеттігін айтқанда, бұрынғы күйеуі оны балағаттай бастады. Ұрыс барысында ол жәбірленушіні итеріп жіберіп, кәмелетке толмаған баласын алып пәтерден шығып кетті.
Бірінші сатыдағы сот жазаны жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтаған жоқ.
Тараздың №2 сотының үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот актісіне сотталған адам шағымданып, ақтау үкімін шығаруды сұрады. Іс материалдарын зерделеген апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.


