Грузия астанасы Тбилисидің шетіндегі Квемо-Поничала ауданындағы бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды. Алты адам қаза тапты, елде аза тұту жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Грузия Ішкі істер министрлігінің дерегінше, газ жылытқышы жергілікті уақытпен таңғы 9:00 шамасында жарылған. Себебі — жылытқыштың ақауынан пәтерде газ жиналып қалуы.

Соққы толқыны шатырдың бір бөлігін ұшырып, қабат аралық жабындар да құлады. Қаза тапқандардың арасында үш әйел, бір ер адам және екі бала бар.

Жалпы үйінді астында жеті адам қалғаны атап өтілді. Тек үш жасар баланы ғана аман алып қалу мүмкін болды. Тағы төрт зардап шегуші ауруханаға жатқызылды, олардың біреуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.

Іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.

Кейін Грузия үкіметі Квемо-Поничала ауданында алты адамның қаза табуына байланысты 22 қарашаны аза тұту күні деп жариялады.