Қарағанды облысында Теміртаудағы өз үйінде зейнеткерді қатты соққан жасөспірімдер ісі бойынша апелляция қаралды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

31 арнаның мәліметінше, Қарағанды облыстық соты қарт адамды қорлаған жасөспірімдердің апелляциясын қарады. Қазақстандықтарды дүр сілкіндірген қылмыс былтырғы жылдың ақпанында болған: жасөспірімдер тобы алдау арқылы зейнеткердің пәтеріне кіріп, оны қорлап, соққыға жығып, болған жайдың бәрін бейнеге түсірген. Сондай-ақ шабуылдаушылардың бірі бұрын тағы бір адамды соққыға жығып, тонағаны анықталды.

Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот бірден тоғыз адамды соттады, олардың жетеуі қылмыс кезінде 15–16 жаста еді. Олардың барлығы нақты мерзім алды — бас бостандығынан бес жылдан жеті жылға дейін айырылды.

Бұл жолы апелляцияны прокурор мен сотталушылар берді. Нәтижесінде сотталушылардың біріне бұрынғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі ішінара қосылды — енді ол бес жылдың орнына алты жыл жазасын өтейді.

«Қалған бөлігінде сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты ішінара қанағаттандырылды, сотталушылар мен олардың қорғаушыларының шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді», — деді Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі судья-үйлестірушісі Дана Сәрсекеева.

Еске салайық, былтырғы жылдың наурызында әлеуметтік желілерде Теміртауда жасөспірімдер электршілер кейпінде жалғызбасты ер адамның үйіне басып кіріп, оны соққыға жыққаны туралы ақпарат тараған. Полицияда барлығы, оның ішінде кәмелетке толмағандар да ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Кейін Қарағанды облысының прокуратурасы шабуылға күдіктілердің барлығы, оның ішінде жеті жасөспірім қамауға алынғанын мәлімдеді.

Бұл іс бойынша сот былтырғы жылдың қыркүйегінде басталды. Шабуылдың бір реттік емес екені анықталды. Ағымдағы жылдың сәуірінде соққыға жығуға қатысқан тоғыз адамға үкім шығарылды.