Бір ойын аптасында Қазақстанға екі титул әкелген жас теннисшілер Асылжан Арыстанбекова мен Жантөре Санжарулы Түркияның Антальясы мен Өзбекстанның Андижанында өткен халықаралық турнирлерде жұптық разрядта жеңімпаз атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, Асылжан Арыстанбекова 9-15 қараша аралығында Антальяда (Түркия) өткен Халықаралық теннис федерациясының (World Tennis) W15 санатындағы турнирде жеңімпаз атанды.
Қазақстандық теннисші жұптық разрядта Украина өкілі Дарья Есипчукпен бірге өнер көрсетті. Финалдық матчта бірінші нөмірмен себілген қазақстандық-украиналық дуэт румыниялық Стефания Божица мен Анастасия Сафтамен кездесті.
Шешуші кездесу Арыстанбекова мен Есипчуктің екі сетте 6:4, 6:3 есебімен жеңісімен аяқталды.
Тағы бір титулды Қазақстанға 16 жастағы Жантөре Санжарулы әкелді. Ол мансабында алғаш рет ITF-тің J30 санатындағы юниорлық серия турнирінің жеңімпазы атанды.
Жарыс 9-14 қараша аралығында Андижандағы (Өзбекстан) хард корттарда өтті. Қазақстандық теннисші жергілікті Никита Гафуровпен бірге жұптық разрядта ойнады.
Финалда екінші нөмірмен себілген Санжарулы мен Гафуров турнир кестесінің көшбасшылары — өзбекстандық Сайдумар Саидакбаров пен Ахмаджон Тошмухамедов дуэтімен кездесті.
Қазақстандық-өзбекстандық жұп екі сетте 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Жантөре Санжарулы үшін бұл табыс World Tennis-тің юниорлық деңгейіндегі алғашқы титулы болды.
Осылайша, қазақстандық теннисшілер өткен ойын аптасын халықаралық турнирлерде жұптық разрядтағы екі жеңіспен қорытындылады.


