Қазақстанның ұлдардан құралған жасөспірімдер теннис құрамасы Каирде (Мысыр) 31 қазан мен 6 қараша аралығында өткен Junior Davis Cup Finals 2026 турнирінің финалдық бөлігіндегі өнерін аяқтады. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық команда әлемнің үздік 16 құрамасының арасында 11-орынға тұрақтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық теннис федерациясының мәліметінше, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы беделді командалық турнирде Қазақстанның намысын Родион Трайгель, Ансар Ниетқалиев және Ахмади Маханов қорғады. Құрама капитаны қызметін Сергей Квак атқарды.

Топтық кезеңде қазақстандық теннисшілер D тобында өнер көрсетіп, қарсыластары Франция, АҚШ және Үндістан құрамалары болды. Үш кездесудің бәрі де 0:3 есебімен жеңіліспен аяқталды.

Плей-офф матчтарында қазақстандық жасөспірімдер үш кездесудің екеуінде жеңіске жетті. Алдымен Қазақстан құрамасы Австралияны 2:1 есебімен ұтты, кейін тартысты бәсекеде Венгрияға 1:2 есебімен жол берді.

Соңғы матчта қазақстандықтар Марокко командасымен кездесті. Бұл бәсеке Қазақстан құрамасының 2:1 есебімен жеңісімен аяқталып, команда әлемдік біріншілікте қорытынды 11-орынды иеленді.

«Жасөспірімдер Дэвис кубогі 1985 жылдан бері өткізіліп келеді және 16 жасқа дейінгі ойыншылар үшін басты командалық турнир саналады. Қазақстанның әлемнің үздік 16 құрамасының қатарына енуі біз үшін мақтаныш. Балаларымыз үшін бұл — баға жетпес тәжірибе және халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін сынап көру мүмкіндігі», — деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясында.

Жасөспірімдер командасының тарихтағы ең үздік нәтижесі 2024 жылы тіркеліп, ол кезде құрама 5-орынды иеленген болатын.

Айта кетейік, Қазақстан жасөспірімдер Дэвис кубогінің финалдық бөлігіне Азия/Океания аймағының өңірлік іріктеу кезеңіндегі табысты өнерінің арқасында жолдама алды. Онда ұлттық команда екінші орынға тұрақтаған еді.

Жасөспірімдер Дэвис кубогі — әлемдік теннисте 16 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы басты командалық жарыстардың бірі. Турнирдің финалдық бөлігіне қатысу жас теннисшілерге құнды халықаралық тәжірибе жинап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік құрдастарына қарсы матчтарда өз күшін сынауға мүмкіндік береді.