Ғалымдар полярлық аймақтардан тыс жердегі ең көне мұздықты тапты. Сынамалар Тибет тауларындағы Гулия үстіртінен алынған. Зерттеушілердің бағалауынша, мұздың бір бөлігі кемінде 128 мың жыл бойы ерімеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Огайо штаты университетінің американдық зерттеушілері мұз керндерінің — мұздықтан кесіп алынған ұзын мұз цилиндрлерінің — ішіндегі ауа көпіршіктерін зерттеп, изотоптар құрамын жақын маңдағы үңгірлердің деректерімен салыстырды.
Мұздық кемінде 128 мың жыл бұрын қатая бастағаны анықталды. Бұл шамамен адам түрінің алғашқы өкілдері Африкадан шыға бастаған кезеңге сәйкес келеді. Осылайша, мұздықтың ішінде Жердің нағыз климаттық шежіресі сақталған.
Сонымен қатар ғалымдар мұздан бериллий-10 мен хлор-36 мөлшерінің күрт өскенін көрсететін іздер тапты. Олар шамамен 41 мың жыл бұрын, Жердің магнит өрісі әлсіреп, атмосфераға ғарыштық сәуле көбірек жеткен кезде пайда болған. Мұндай табылымдар ғалымдарға планетаның алыс өткендегі климаты қандай болғанын қалпына келтіруге көмектеседі.
Алайда 130 мың жылға жуық уақытты бастан кешкен осындай көне мұз да бүгінде климаттың өзгеруінен еріп жатыр. Гулия мұздығы әлемдегі көптеген басқа мұздықтар сияқты өз қорын біртіндеп жоғалтуда.
Дегенмен 128 мың жыл — абсолютті рекорд емес. Ең көне белгілі мұз Шығыс Антарктидадағы Аллан-Хиллс ауданында табылған. Оның жасы шамамен 6 миллион жыл деп бағаланады.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle 99 миллион жылдық отқабыршақтың (светлячок) янтарьдан табылғанын жазған болатын.


