Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы істер министрлер кеңесінің отырысында ғарыш кеңістігінде қару жарысының басталуына жол бермеу жөніндегі нақты қадамдарды қолдау туралы мәлімдеме қабылданды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің сайтында жазылғандай, кездесуге қатысушылар ғарыш әскери қарсыласу алаңына айналуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын жеткізді. Олар ғарышта кез келген қару-жарақ орналастыруға толық тыйым салу, сондай-ақ ғарыш нысандарына қатысты да, оларды пайдалану арқылы да күш қолдануға немесе күш қолдану қаупін төндіруге тыйым салу қажеттігін атап өтті.

Мәлімдемеде ғарыш жүйелері мен жерүсті инфрақұрылымы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қайшы мақсаттарда пайдаланылмауы тиіс екені бекітілді.

Сонымен қатар ТМД аясында 2027 жылға арналған көп деңгейлі сыртқы саяси ведомствоаралық консультациялар жоспары бекітілді.

Ресей СІМ мәліметінше, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері мәдени-гуманитарлық және құқық қорғау салаларында, сондай-ақ қауіпсіздік саласында интеграциялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған шешімдер топтамасын мақұлдады.

Бұл тақырып АҚШ-тың орбитаға соққы беретін қару орналастыруы мүмкін деген мәлімдемелер аясында шиеленісе түсті.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға жұмыс сапарымен келгенін жазған болатын. Сапар бағдарламасында Орталық Азия мен Әзірбайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші консультативтік кездесуі, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы және Каспий экологиялық саммиті белгіленген.