Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштерді реформалау және жаңа үлгідегі армия құру жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы мемлекет басшысы қазақстандық құтқарушылардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде айтты. Онда ол құтқарушыларды құттықтап, мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Президенттің айтуынша, Қазақстан армиясы озық, қуатты, заманауи талаптарға сай және кез келген қауіпке тойтарыс беруге дайын болуы тиіс. «Қазіргі таңда менің тапсырмаммен Қарулы күштерді реформалау және жаңа үлгідегі армия құру жұмыстары басталды», — деп келтіреді оның сөзін Ақорда.

Тоқаев мемлекеттің стратегиялық міндеті — Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін атап өтті.

Дереккөз еске салғандай, Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы әскери реформа жоспарын дайындауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуы армиядағы көптеген кемшіліктер мен кәсібиліктің жоқтығын айқын ашты.

«Түбегейлі әскери реформа жасайтын уақыт келді. Бұл — кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Осыған байланысты мен кадрлық өзгерістер жасадым», — деді Президент.