Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің басшыларымен бірге Анкарадағы «Бештепе» саябағында орналасқан Түркі әлемі аллеясын ашты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақорданың Telegram-арнасында мәлім еткендей, Түркі әлемі аллеясында Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның ұлттық павильондары ұйымдастырылды. Экспозицияларда бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағы, олардың алуан түрлі мәдениеті мен бай рухани дәстүрлері көрініс тапты.
«Атап айтқанда, қазақ киіз үйі Ұлы дала рухы мен түркі әлемінің ортақ тарихи тамырын білдіреді. Президенттерге киіз үйдің ішкі жабдығына негіз болған ежелгі түркі өркениетінің бастаулары, оның ішінде сақтар мұрасы, халқымыздың табиғатпен үйлесімдегі өмір салты, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның бейнесі туралы әңгімеленді», — деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшыларының назарына қазақ халқының құсбегілік пен тазымен аң аулау өнерін дәріптейтін «Сақ аңшысы» мүсіндік композициясы ұсынылды. Сондай-ақ қонақтарға ежелгі түркі мәдениеті туралы мол дерек беретін Орхон жазба мұраларының ескерткіштері көрсетілді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ға мүше елдердің басшыларымен бірге Түркі әлемі аллеясында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Еске салайық, алдыңғы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен келген еді. Оны әуежайда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Кейін олардың қатысуымен келіссөздер өтті. Ал бүгін мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитін ашу рәсіміне қатысу үшін «Күллие» сарай кешеніне келді.


