Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VII саммитінде сөз сөйлеп, Әзірбайжан мен Армения арасындағы татуласу үдерісін қолдады. Ол Оңтүстік Кавказдың мысалы алысты көреген көшбасшылықтың қандай нәтиже беретінін айқын көрсететінін атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Онжылдықтарға созылған терең келіспеушіліктен кейінгі бұл жақындасу Шығыс пен Батыс арасында көпір салуға мүмкіндік беретін жаңа перспективалар ашады. Берік саяси ерік пен айтарлықтай экономикалық әлеуеттің арқасында ӘЫКШ ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға салмақты үлес қоса алады. Сондықтан ӘЫКШ-тың көлік өзара байланысы жөніндегі стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынамын. Бұл стратегия өңіріміздегі негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді. Оның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасы бар», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда энергетикалық қауіпсіздік толық күйреу қаупіне ұшырап отырғанын атап өтті.
«Трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылымға қақтығыстардың әсері жиілеп барады. Соның салдарынан әлемнің түкпір-түкпіріндегі энергетикалық нарықтарда тұрақсыздық сақталып отыр. Бұл белгісіздік болып жатқан оқиғалар тікелей әсер еткен елдерден әлдеқайда алыстағы экономикалық өсуді тежеуге қауіп төндіреді. Сондықтан Қазақстан серіктестікке басымдық береді. Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан жасыл энергия жеткізу саласында стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойып, энергожүйелерімізді біріктіріп, оларды Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарымен одан әрі жалғастыратын Каспий жасыл энергетикалық дәлізін құруға негіз қалады», – деді Президент.
Қазақстан Президенті Әзірбайжанмен бірлесіп Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы қазақстандық мұнай жеткізу көлемін ұлғайту жоспарларымен бөлісті.
«Каспий теңізі өңіріміздің де, бүкіл әлемнің де энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өмірлік маңызға ие болып бара жатқаны анық. Қазақстан Каспий өңірдегі барлық мемлекеттер мен басқа да елдердің игілігі үшін бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі болып қалуы керек деп берік сенеді. Оны су ресурстары мен экология саласында бірлескен күш-жігермен сақтау да кем емес маңызды», – деп санайды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ӘЫКШ қызметінің экологиялық қыры барған сайын өзекті бола түскенін атап өтті. Оның пікірінше, су ресурстарының тапшылығы мен экожүйелердің тозуы Азия үшін ең ауыр сын-қатерлердің біріне айналды.
«Азия мен Тынық мұхит өңірінде әлем халқының 60%-ы тұрады, алайда бұл өңірге әлемдік су ресурстары қорының 35%-ы ғана тиесілі. Соның салдарынан мұнда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету деңгейі әлемдегі ең төменгі көрсеткіш. Қазақстан су ресурстары әрі қарай да ынтымақтастық көзі болып қалуы үшін дәйекті түрде бастама көтеріп келеді. Осыған байланысты технологиялық алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және су үнемдейтін шешімдерді енгізуге бағытталған ӘЫКШ су серіктестігін құруды ұсынамыз. Кеңірек тұрғыдан алғанда, Қазақстан БҰҰ жүйесінде су ресурстары саласындағы жаһандық күн тәртібінің келісімділігін қамтамасыз ете алатын Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Бұл ұсынысты Орталық Азия елдері мен Әзірбайжан бірлесіп ұсынып, ӘЫКШ-тың барлық мемлекеттерінің қосылуы үшін ашықтықты сақтай алады», – деді Президент.


