Халықаралық жасанды интеллект орталығы Alem.ai-да қазақ-бельгиялық айна зертханасының тұсаукесері өтті. Оның алғашқы бастамаларымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Бельгия королі Филипп және королева Матильда танысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жаңа зертхананың әзірленіп жатқан бағыттарының қатарында жасанды интеллект, нейроғылым және бейімделмелі оқыту саласындағы зерттеулерге арналған NeuroLearn жобасы бар. Тағы бір бастама — ParkScreen: оның аясында Паркинсон ауруын ерте скринингтен өткізудің жасанды интеллект әдістерін зерттеу жоспарлануда.

Сапар барысында қонақтарға Alem.ai-дың ұзақ мерзімді даму стратегиясы мен TUMO Astana білім беру бағдарламасы таныстырылды. Оларға мұражай экспозициясы, робототехника аймағы және жасанды интеллект кинотеатрының мүмкіндіктері көрсетілді.

Сонымен қатар Гент университеті талантты қазақстандық оқушылар мен студенттерге телескоп сыйлады. Оның бетінде физика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары Франсуа Энглер, Герард ’т Хоофт және Мишель Майордың, сондай-ақ бельгиялық астронавт Франк Де Винненің қолтаңбалары бар.

Бұған дейін «Курсив» қазақ-бельгиялық іскерлік кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Антверпен-Брюгге порт кешенін Ақтау және Құрық порттарымен серіктестік орнатуды ұсынғанын жазған. Бельгия королі Филипп екі елдің бизнесін энергетика, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, қаржы және туризм салаларында неғұрлым белсенді ынтымақтасуға шақырды.