Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия королі Филипп бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне бірлескен брифинг өткізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сөз сөйлеу барысында Мемлекет басшысы Король мен Королеваның тарихи мемлекеттік сапары екіжақты қатынастар тарихында жаңа айтулы бет ашып, Қазақстан мен Бельгия халықтары арасындағы достықтың айқын дәлелі екенін тағы да атап өтті.

– Ваше Величество, Король, Сіздің дана әрі батыл басшылығыңызбен Бельгия әртүрлілікте біртұтас және әлемге ашық ел болып қала береді. Халқыңызға деген адалдығыңыз бен Бельгияның түрлі қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы тынымсыз еңбегіңіз Тәж рөлінің біріктіруші сипатын көрсетеді. Осы қиын-қыстау заманда Сіздің моральдық беделіңіз бен бұлжымас борыш сезіміңіз сенім ұялатып, терең құрметке лайық. Сізге достығыңыз бен көп жылдар бойы Қазақстанмен байланысты нығайтуға деген адалдығыңыз үшін шын жүректен ризамын. Бүгін осы байланыстарды бекемдеуге бірге үлес қоса алатынымызға қуаныштымын. Сіздің тынымсыз еңбегіңіз бен салмақты қолдауыңыздың арқасында біз ынтымақтастығымыздың болашағына зор оптимизммен және сеніммен қараймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ашық, достық және сындарлы атмосферада өткен жемісті келіссөздердің кейбір қорытындыларымен бөлісті.

– Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы көп қырлы серіктестікті нығайтуға деген шешімді растадық. Біздің қатынастарымыз саяси келіспеушіліктермен немесе шешілмеген мәселелермен ауыртпалық тартпайды. Бұл барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Экономикалық өзара іс-қимыл екіжақты қатынастарымыздың негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Бельгия – Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарында. 2005 жылдан бері біздің экономикаға бельгиялық инвестициялардың көлемі 15 млрд доллардан асты. Біз өзара іс-қимылды жандандырып, көлік және логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнологиялар, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға келістік. Осы тарихи сапарға жетекші бельгиялық компаниялар өкілдерінің қатысуын құптаймын. Бұл Бельгияның Қазақстанның экономикалық әлеуетіне деген сенімін айқын көрсетеді. Біздің Үкімет бельгиялық инвесторлардың қатысуын кеңейту және Қазақстанда жаңа перспективалы жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырады. Олардың толық және уақтылы іске асырылуы менің жеке бақылауымда болады, – деп сендірді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, ертең өтетін Қазақстан-Бельгия бизнес-форумы, Ректорлар форумы және аса маңызды минералдар жөніндегі дөңгелек үстел ортақ ұмтылыстарымызды нақты нәтижелерге айналдыратын маңызды алаңдарға айналады.

Осы іс-шаралардың қорытындысы бойынша серіктестікті дамытуға қосымша серпін беретін ондаған екіжақты келісімдер мен құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.