Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік университеттер басшыларымен дөңгелек үстелге қатысып, білім мен ғылым саласындағы серіктестікті сапалы жаңа деңгейге көтеру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі геосаяси шиеленіс білім мен технология саласына әсер етіп, ғылыми ынтымақтастық жиі қауіпсіздік тұрғысынан қарастырыла бастады. «Озық жетістіктер ортақ игілік ретінде сирек қабылданып, бәсеке күресінің құралына жиі айналуда. Бұл білім мен технология дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналған кезде орын алып отыр. Жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетикалық және биотехнологиялар экономиканы, еңбек нарығын және білім жүйесінің өзін өзгертіп жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа білімді генерациялай алатын, білікті кадрлар даярлайтын және ғылыми идеяларды технологияға айналдыратын елдер ғана табысқа жететінін атап өтті.
«Біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі және түрлі аймақтар арасындағы байланыстырушы буын ретінде таныстырамыз. Адами капиталды дамыту, білім, ғылым және инновацияларды ілгерілету — ұлттық стратегияның негізгі бағыттары. Тарихымызда алғаш рет бұл басымдықтар мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде Конституцияда бекітілгенін тағы да атап өткім келеді. Биыл Қазақстан халқына Жолдауымда технологиялық жаңаруды жеделдету, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ азаматтарымызды жаңа цифрлық экономика жағдайына даярлау қажеттігіне назар аудардым. Бұл мақсаттарға жету жекелеген бастамаларды емес, мемлекеттің, университеттердің және бизнестің дәйекті әрі үйлестірілген күш-жігерін талап етеді», — деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемнің жетекші университеттерімен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін мәлімдеді. «Көріп отырғаныңыздай, бұл жұмыстың бастапқы кезеңі аяқталды. Қажетті инфрақұрылым құрылып, серіктестік келісімдері ресми түрде рәсімделді, жақын арада шетелдік университеттер филиалдарының толыққанды жұмысы басталады деп күтілуде. Келесі қадам — бірлескен зерттеулер жүргізу, жаңа технологияларды әзірлеу және экономикамыздың қажеттіліктеріне жауап беретін практикалық шешімдерді енгізу арқылы ынтымақтастығымызды нақты мазмұнмен толықтыру», — деді президент.
Осы тұрғыда мемлекет басшысы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. «Ең алдымен, бұл — су қауіпсіздігі. Орталық Азия үшін бұл экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі. Тіпті бұл біздің өмір сүруіміздің мәселесі деп айтар едім. Трансшекаралық өзендерді басқару, заманауи мониторинг жүйелерін құру, су үнемдейтін технологияларды енгізу және ғылыми негізделген су дипломатиясын дамыту түрлі елдердің сараптамалық әлеуетін біріктіруді талап етеді. Бұл жұмыста Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің тәжірибесі мен мүмкіндіктеріне сенім артамыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


