Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа премьер-министрі Хун Манетпен тет-а-тет келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы қонақтың сапарын тарихи деп атады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қымбатты қонақты қарсы ала отырып, Қазақстан Президенті бұл сапар екіжақты қатынастарға жаңа серпін беріп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Сіздің сапарыңыздың тарихи маңызы бар деп есептеймін, өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлері Қазақстанға келмеген. Сонымен қатар сіздің біздің елмен жеке байланысыңыз бар: әкеңіз 1982 жылы Қазақстанда болған. Бүгін екіжақты қатынастардың кең ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан сіздің еліңізге зор ықыласпен қарайды. Көптеген қазақстандық Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Бізге екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін талқылау қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы алмасуды жандандыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Камбоджаның табиғи байлыққа бай екенін, бұл осы саладағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі келіссөздерде сауда-экономикалық байланыстарды нығайту да талқыланады.
Камбоджа премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға келуге шақырғаны үшін алғыс айтып, елдер арасында дипломатиялық қатынастар 30 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқанын атап өтті.
«Қазір бізде энергетика саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге мүмкіндік бар деп есептеймін. Біз ведомстволарымызға өзара қызығушылық тудыратын бағыттарды бірлесіп айқындауды тапсыра аламыз. Қазақстан электрондық үкімет саласында мол тәжірибе мен озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктер осы салада тәжірибе алмасуға қатты мүдделі», – деп атап өтті Хун Манет.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстарды және көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді жан-жақты талқылады.
Бұған дейін Камбоджа премьер-министрі Қазақстанға ресми сапармен келгені хабарланған. Ақордада оны Қасым-Жомарт Тоқаевпен салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.


