Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауы барысында қауқарсыздық пен күту тарихи жеңіліспен тең екенін айтып, елдің болашақ сәулетін қалыптастыру бағытын белгіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Біздің алдымызда бір үлкен мақсат тұр — әділ, қуатты, таза, ілгерішіл Қазақстанды құру. Ұлан-ғайыр мүмкіндіктермен қатар ұлан-ғайыр тәуекелдер дәуірі басталды. Ұлттың мінезі дәл осындай тағдыршешті кезеңдерде танылады. Қауқарсыздық пен күту тарихи жеңіліспен тең. Заман сын-қатерлеріне берілер бір ғана дұрыс жауап — Қазақстанның болашақ сәулетін қалыптастыра отырып, стратегиялық озаттық режимінде жұмыс істеу. Әйтпесе, біз шексіз қуып жету жолына түсеміз», — деді Президент.
Ол мемлекет ілгерілеуінің ең жоғары өлшемі де, барлық реформаның оң нәтижелерінің басты тұтынушылары — оның бенефициарлары да азаматтар екенін қосты. «Сондықтан менің стратегиялық бағытымның өзегінде әділеттілік идеясы тұр», — деп атап өтті мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, жаңа тарихи циклге аяқ басқан Қазақстан бүкіл азаматтық инфрақұрылымды салуға және жаңартуға кіріседі. «Алдағы бірнеше жылда құрылыс серпіні барлық өңірді қамтиды. Айтылғандай, біз автомагистральдар, өнеркәсіп және энергетика нысандары, темір жолдар, көпірлер, инженерлік желілер, гидроқұрылыстар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және, әрине, мәдениет нысандарын саламыз. Заманауи инфрақұрылым құрылысы ондаған жаңа өндірістің ашылуымен және ең бастысы — халықтық цифрлық экономиканың дамуымен ұштасып отыр. Осылайша, тәртіп, жауапкершілік және табанды еңбектің арқасында біз бірге жақын арада ауылдарымыз бен қалаларымыздың келбетін түбегейлі өзгертіп, ортақ үйіміз — Қазақстан Республикасын одан әрі қуатты әрі тартымды мемлекетке айналдырамыз», — деді Президент.
Ол «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстанып, адал еңбек еткен қазақстандықтар барлық мақсатқа міндетті түрде жетіп, ұрпаққа лайықты мұра қалдыратынын атап өтті. «Бірнеше рет айтқанымды қайталаймын: теңдессіз жаһандық сын-қатерлер жағдайында біз ұлт бірлігін, қоғамның әлеуметтік іргетасын бар күшімізбен нығайтуымыз керек. Стратегиялық ой-жоспарларымыздың түпкілікті табысының кепілі дәл осында. Осы жолмен жүрген Қазақстан әлемдік өркениеттің озат қатарынан лайықты орын алатынына сенімдімін», — деді Президент.


