Азия ойындары мен параойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен бейінді министрлікті Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықты бастауға шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы әрбір жеңіс көп жылдық дайындық пен адал еңбектің жемісі екенін атап өтті. «Біздің еліміз үшін әрбір медальдің ерекше құндылығы мен маңызы бар. Осында отырған барлық спортшыға алғысымды білдіргім келеді. Чемпион атағы спортшыға үлкен жауапкершілік жүктейді. Құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілген әркімнің жолы кәсіби спортты таңдаған жастарға үлгі. Жас ұрпақ сендерге қарап өседі. Спорт – қоғамдық санаға ықпал етіп, адамның интеллектуалдық та, дене бітімі жағынан да қасиеттерін қалыптастыра алатын қуатты күш. Бұл – айнымас ақиқат. Спорт өскелең ұрпақты тәртіп, әдептілік, адалдық және жауапкершілік рухында тәрбиелейді. Егер жастарымыз белсенді әрі мақсатқа ұмтылғыш, халқымыз рухы берік болса, мемлекет те мықты болады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда танылған және мойындалған тұлғалардың, соның ішінде спортшылардың жаңа этикалық қағидаттарды насихаттау мен бекітудегі ерекше рөліне тоқталды. Сонымен қатар ол алдағы кезеңге бірқатар міндет жүктеді.

«Бүгінде қазақстандық спорт жоғары беделге ие әрі айтарлықтай әлеуетке толы. Сондықтан біз одан да жоғары нәтижелерге ұмтылуымыз керек. Алда төрт жылдық циклдің басты спорттық оқиғасы – Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары тұр. Бұл ауқымды жарыстарға дайындықты қазірден бастап ең жоғары деңгейде жүргізу қажет. Оған тек спортшылар ғана емес, бейінді министрлік пен спорт федерациялары да белсенді атсалысуы тиіс», – деп назар аудартты Мемлекет басшысы.