Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид Оман көшбасшысының республикаға сапары барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметімен танысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі Ақордаға сілтеме жасап хабарлағандай, ХҚО басқарушысы Ренат Бектұров екі мемлекеттің басшыларына орталықтың жұмыс нәтижелерін таныстырды. Ол Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту үшін орталық ұсына алатын мүмкіндіктерге жеке тоқталды.

Тұсаукесер барысында ХҚО іске қосылғаннан бері Қазақстанға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд доллардан асқаны атап өтілді. 90 елден 6600-ден астам компания тіркелген.

Екі елдің көшбасшыларына ХҚО-ның ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген юрисдикциясының ерекшеліктері, ХҚО-ның Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің, ХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығының қызметі таныстырылды.

Исламдық қаржы саласындағы ХҚО мүмкіндіктеріне жеке назар аударылды. Сондай-ақ тәулік бойы 24/7 консультациялық қолдау көрсететін AIDA (AIFC Intelligent Digital Assistant) зияткерлік көмекшісі таныстырылды.

Еске салайық, қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидты елорда әуежайында қарсы алған болатын. Ал бүгін олардың келіссөздері өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті мен Оман сұлтаны Бірлескен мәлімдеме қабылдады.