Қазақстан Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы күштер Бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбеков пен Қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қарулы күштердің ағымдағы қызметі мен жауынгерлік дайындығы, жауынгерлік даярлық іс-шараларын қаржылық қамтамасыз ету, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі бюджетінің атқарылуы туралы баяндамаларды тыңдады.

Жоғарғы Бас қолбасшыға жауынгерлік және мобилизациялық дайындықтың жай-күйі, әскери басқару органдары мен әскерлерге жүктелген міндеттердің орындалуы туралы мәлімделді.

«Президентке әскерлердің ағымдағы қажеттіліктерін және армияны дамыту бағдарламаларын қаржыландыру туралы ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ жауынгерлік даярлық міндеттерін, әскери инфрақұрылымды ұстауды және бөлімшелердің күнделікті қызметін қамтамасыз етуді ескере отырып, қаражатты бөлу мәселелері талқыланды. Әскери басқару жүйесін жетілдіруге, шешім қабылдау жеделдігін арттыруға және әскерлердің мақсаты бойынша міндеттерді орындауға дайындығына ерекше назар аударылды», — делінген Ақорда хабарламасында.

Сонымен қатар мобилизациялық жоспарлау және әскери резервті даярлау, жоспарланған шығыстардың негізділігі, бюджеттік тәртіптің сақталуы және бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру, сондай-ақ қаржылық бақылауды күшейту мен шығыстардың нәтижелілігін бағалау тәсілдері қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы Қарулы күштердің дайындығын және әскерлерді даярлау сапасын арттыру, армияның басым қажеттіліктерін қаржылық қамтамасыз ету және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану жөнінде бірқатар міндет қойды.