Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен келіссөз жүргізді. Кездесуде тараптар бірлескен инвестициялық және энергетикалық жобаларды талқылады. Кездесу Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммиті аясында өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Қазақстан-Қатар арасындағы көп қырлы әріптестікті нығайту перспективаларына, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және энергетикалық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды», — делінген кездесу туралы хабарламада.

Экономикалық күн тәртібінен бөлек, мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік мәселелер, оның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан мен Қатарды қандай жобалар байланыстырады

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, 2024 жылдың наурызында екі елдің үкіметтері ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған. Жалпы құны 17,6 млрд долларлық жобалар пакетіне газ өңдейтін зауыттар, «Ақтөбе — Қостанай» және «Бейнеу — Бозой — Шымкент» екінші желісі газ құбырлары, сондай-ақ электр станциялары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар кірген.

2025 жылдың ақпанында «Самұрық-Энерго» мен қатарлық UCC Holding Қызылордада қуаты 1000 МВт газ турбиналық электр станциясын салу туралы келісімге қол қойды. Бұған дейін QazaqGaz пен UCC Holding Қашағанда жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр қуатты газ өңдейтін зауыттар жобалары туралы уағдаласқан.

Еске салайық, Бакуде өткен АӨСШК VII саммитінде сөйлеген Тоқаев көлік өзара байланысының ортақ стратегиясын әзірлеуді және адами капитал саласында әріптестік құруды ұсынған болатын.