Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республика Қауіпсіздік кеңесінің құрылымындағы жаңа кадрлық тағайындау туралы өкімге қол қойды. Қауіпсіздік кеңесі аппаратының ақпараттық қауіпсіздік бөлімін Бауыржан Болатұлы Шалекенов басқарды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
«Мемлекет басшысының өкімімен Шалекенов Бауыржан Болатұлы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі аппаратының ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды», — делінген Ақорданың ресми хабарламасында.
Еске салайық, Қауіпсіздік кеңесінің аппараты Қазақстанда 29 тамызда құрылған болатын. 31 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойып, Аида Балаеваны ел Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады.
11 қыркүйекте мемлекет басшысының жарлығымен Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ережелер бекітіліп, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарының өкілеттіктер шеңбері айқындалды.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ел Қауіпсіздік кеңесінде бірқатар тағайындау жасағаны хабарланған. Бұл құрылымда қызметті экс-қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов иеленді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы тағайындалды — ол Мұрат Баймұқашев болды.


