«Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылары ұсталғаннан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларды барлық деңгейде мұқият тексеру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы мәлімдемесін Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде жасады. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуы себеп болды.
Президент соңғы үш жылдағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының статистикасын келтірді.
«Тек соңғы үш жылда, 2023-2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталды. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер, қалғанын өзге адамдар, оның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы — 248 млрд теңгеден астам.
Ағымдағы жылдың тек 10 айында сыбайлас жемқорлық сипатындағы 751 құқықбұзушылық жасалды. Оның 546-сын мемлекеттік қызметшілер, 205-ін өзге адамдар, оның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған.
Осы статистикадан көрініп тұрғандай, сыбайлас жемқорлық жағдайы күрделі күйінде қалып отыр. Бірақ біз түйеқұс сияқты басымызды құмға тығып, қоғамнан бірдеңені жасырмақ емеспіз. Бұл саладағы ахуал туралы да, сыбайлас жемқорлықты тежеу үшін қабылданған немесе қабылданып жатқан шаралар туралы да ашық айтып отырмыз», — деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, әртүрлі деңгейдегі басшылардың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары туралы барлық сигналдарды Бас прокуратураның қатысуымен ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жедел әрі мұқият тексеретін болады.
«„Өз“, „онша өз емес“ және әсіресе „жат“ деп бөлу, әрине, болмайды. Біздің Конституциямыз барлық азаматтың Заң алдында теңдігі қағидатын бекітті. Біз бұл талапты орындауға тиіспіз», — деп атап өтті Тоқаев.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында «Самұрық-Қазына» және «ҚТЖ» басшыларының ұсталуы туралы пікір білдірген болатын. Сонымен қатар мемлекет басшысы үкіметке және бақылау органдарына сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын күрт азайту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.


