Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатты. Мемлекет басшысының тиісті жарлығын Ақорда жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жарлыққа сәйкес, Сағымбаев Ермек Алдабергенұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.

Бұған дейін, 13 қарашада, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қабылдап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы, оның ішінде терроризмге, сыбайлас жемқорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы есебін тыңдаған болатын.

Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған. 2026 жылдың тамызында ол осы қызметке қайта тағайындалды.

ҰҚК сайтының мәліметінше, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Сағымбаев Ермек Алдабергенұлы 1967 жылдың 11 қазанында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын (1992 жыл), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (2007 жыл), Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетін бітірген, ұлттық қауіпсіздік және әскери іс магистрі (2021 жыл).

1994–2006 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел және басшылық қызметтерде болды. 2006–2019 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметінде жедел және басшылық қызметтер атқарды. 2019–2021 жылдары Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметінің бастығы қызметінде болды. 2021–2022 жылдары Мемлекеттік күзет қызметі бастығының міндетін атқарушы, кейін осы қызметтің бастығы болды.