Халықаралық World Boxing федерациясы жариялаған боксшылардың жаңартылған әлемдік рейтингінде Қазақстан құрамасының төрт өкілі бірден бірінші орынға шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өз салмақ дәрежелерінде рейтинг көшінде Санжар Тәшкенбай (50 килограмға дейін), Төрехан Сабырхан (70 кг-ға дейін), Наталья Богданова (70 кг-ға дейін) және Айбек Оралбай (90 кг-нан жоғары) тұр.

Тағы төрт қазақстандық боксшы рейтингтің екінші сатысынан орын алды. Олардың қатарында Назым Қызайбай (48 кг-ға дейін), Махмұд Сабырхан (55 кг-ға дейін), Алуа Балкібекова (51 кг-ға дейін) және Аида Әбікеева (65 кг-ға дейін) бар.

Өз салмақ дәрежелерінде үшінші орынды Нұрбек Оралбай (85 кг-ға дейін) мен Дина Исламбекова (80 кг-нан жоғары) иеленді.

Осылайша, Қазақстанның он өкілі өз салмақ дәрежелерінде әлемнің үздік боксшыларының үштігіне енді. Оның алтауы ерлер құрамасында, төртеуі әйелдер құрамасында өнер көрсетеді.

Айта кетейік, World Boxing — Халықаралық олимпиада комитеті олимпиадалық боксты басқаратын халықаралық федерация ретінде таныған ұйым.