Қазақстанда қазан айында тұрғын үй сатып алу-сату бойынша 31 864 мәміле тіркелді. Бір айда көрсеткіш 10%-ға, ал өткен жылдың қазанымен салыстырғанда 22,8%-ға төмендеді. Тұрғын үйге сұраныстың төмендеуі төртінші ай қатарынан жалғасып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жылжымайтын мүлік нарығында тыныштық байқалады: баға айтарлықтай өспейді. Қазан айында жаңа пәтерлер бір айда 0,5%-ға, ал қайталама нарықтағы тұрғын үй тек 0,1%-ға қымбаттады. Нарықтың суынуы сатып алушылардың белсенділігінен де көрінеді: Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазанда тұрғын үй сатып алу-сату бойынша бар болғаны 31 864 мәміле тіркелген.
2026 жылдың 10 айында елде 328 521 мәміле жасалды. Жылдың ең жоғары нүктесі маусымға түсті — 39 053 мәміле. Ал 2026 жылдың қазаны 2025 жылдың қазанымен салыстырғанда 22,8%-ға төмендеген.
Қазақстандықтар көбінесе пәтер сатып алды — 24 044 мәміле, ал жеке үйлерге бар болғаны 7 820 мәміле тиесілі. Ең белсенді сатып алынғаны — 2 бөлмелі пәтерлер, 9 423 мәміле. Одан кейін 1 бөлмелі — 8 689, сондай-ақ 3 бөлмелі — 4 874 мәміле тіркелді. 4 бөлмелі пәтерлерге бар болғаны 944 мәміле тиесілі.
Тұрғын үй бойынша ең көп мәміле Алматыда жасалды — 6 065. Алайда бұл бір ай бұрынғыдан 16,3%-ға, ал өткен жылдың көрсеткішінен 22,9%-ға аз. Одан кейін Астана тұр — 5 223 мәміле: бір айда төмендеу 14,6%-ды, ал бір жылда 41,6%-ды құрады. Шымкентте бар болғаны 1 488 сатылым тіркелді, бұл қазанмен салыстырғанда 12%-ға, ал бір жыл бұрынғыдан 20,3%-ға аз.
Өңірлерде жағдай әртүрлі болды. Қарағанды облысында 2 482 мәміле тіркелді (бір айда -2,3%, бір жылда -16,8%), Алматы облысында — 1 750 (-6,8% және -23,3%), Маңғыстау облысында — 1 436 (-11,5% және -26,3%), Ақтөбе облысында — 1 368 (-6,3% және -6,9%), Қостанай облысында — 1 364 (бір айда +13,5%, бір жылда -10,3%), Ақмола облысында — 1 332 (-2,8% және -25,1%), Түркістан облысында — 1 116 (бір айда -16,2%, бір жылда +4,9%), Жамбыл облысында — 1 069 (-11,7% және -6,7%), Шығыс Қазақстан облысында — 1 004 (-10,0% және -20,5%), Атырау облысында — 936 (бір айда +2,9%, бір жылда -17,2%), Батыс Қазақстан облысында — 887 (-21,2% және -35,1%), Жетісу облысында — 871 (-11,0% және -7,8%), Абай облысында — 869 (-7,5% және -5,6%), Қызылорда облысында — 853 (бір айда +38,7%, бір жылда +52,6%), Павлодар облысында — 852 (-16,1% және -24,3%), Солтүстік Қазақстан облысында — 671 (-11,1% және -10,8%), Ұлытау облысында — 228 (-18,6% және -30,3%).
Осылайша, тұрғын үй бағасының өсу қарқынының баяулауы халық арасындағы сұраныстың төмендеуімен тұспа-тұс келді. Айтпақшы, бұған дейін сарапшы сатылымның төмендеуі нарықтың құлдырауын білдірмейтінін, бұл тек жеңілдетілген ипотека мен зейнетақы жинақтарының артық қалдығынан туындаған қызуқандылықтан басылу екенін түсіндірген. Ал жақында сарапшы Астананың жалдамалы тұрғын үй бағасы бойынша Алматыны басып озғанын атап өтті.


