Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны бір күн заңсыз табыс тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді Көкшетау соты шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, жас жігіт жеңіл ақша іздеп, әлеуметтік желіде есірткі сатушы қызметі туралы хабарландыру тапқан. Кураторлар оған есірткі жасырып, орналасқан жерінің координаттарын жіберуді түсіндірген. Содан кейін ол заңсыз әрекетке кіріскен.

Алайда жаңа «жұмысында» ол бір күн ғана шыдады. Жас жігіт бірден есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлерінің назарына іліккен.

Тергеу барысында одан психотроптық зат салынған 24 пакет табылды. Сонымен қатар, ол полицейлерге өзі жасаған тайниктердің орнын көрсетті. Мұнда да сатуға дайындалған есірткі дозалары табылды.

Жас жігіт есірткі заттарын заңсыз сатудағы кінәсін толық мойындады. Әрекетін ақша табу ниетімен түсіндірді.

Сот шешімімен оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.