Түркістан облысында полицейлер жол оқиғасына қатысқан екі адамды жауапкершілікке тартты: жолаушы видео түсіру үшін қозғалыстағы көліктің төбесіне шыққан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, әлеуметтік желілерді бақылау барысында тәртіп сақшылары ер адамның қозғалыстағы көлік төбесінде тұрып бейнежазба түсірген ролигін анықтаған.

«Осы факті бойынша полицейлер тексеру жүргізіп, оқиға Сайрам ауданының аумағында болғанын анықтады. Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы дрон арқылы да тіркелді», — деп атап өтті полицияда.

Тексеру қорытындысы бойынша 22 жастағы жүргізуші мен ВАЗ көлігінің 30 жастағы жолаушысына жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды. Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.

Сонымен қатар оқиғаға қатысушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, оларға заңнама талаптары және жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдары түсіндірілді.

«Полиция еске салады: әсерлі видео түсіруге деген ұмтылыс адамдардың өмірі мен денсаулығын қауіпке төндірмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер жол-көлік оқиғаларына әкеліп, орны толмас зардапқа соқтыруы мүмкін», — деді ІІМ-де.