Алматы тұрғындары Үлкен Алматы өзенінің әдеттен тыс жай-күйіне алаңдау білдірді: әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда су беті көбікпен жабылғаны көрінеді. infohub.kz сайтының хабарлауынша, бейнежазба жарияланғаннан кейін мамандар өзенді тексеріп, зертханалық талдау үшін су сынамасын алды.
Threads желісіндегі @rotvikofficial парақшасының авторы өзенді Жандосов көшесінен сәл төменірек жерден түсіргенін айтты. Әйелді көбіктің көптігі ғана емес, су қоймасының бойында үнемі пайда болатын қоқыс та алаңдатқан.
«Өзеннің бүкіл бойында осыншама көбік қайдан пайда болды? (...) Бұл қандай да бір балдырлар ма, ұнтақ па, қалдық па, әлде табиғи құбылыс па?» — деп сұрақ қойды алматылық.
Жарияланым қызу талқылау тудырды. Кейбір қолданушылар суға тұрмыстық қалдықтар немесе химиялық заттар түскен болуы мүмкін деп болжады. Басқалары судың сапасын тексеріп, талдау үшін сынама алуға шақырды. Тағы бір бөлігі өзеннің жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, судың қауіпсіздігін тексеруді ұсынды.
Алматы экология басқармасы жарияланымға жауап берді. «Аталған фактіні тексеру мақсатында «Тау Су Қызмет» ЖШС қызметкерлері шығып тексеру жүргізді, оның барысында Жандосов көшесінен төменгі учаскеден бастап өзен арнасында көбік бар екені расталды. Көбіктің ең көп жиналған жері Сатпаев көшесінің маңы болды. Сонымен қатар судың химиялық құрамын анықтау және көбіктің пайда болуының ықтимал себептерін белгілеу мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су сынамасын алуға «Eco Almaty» ЖШС мамандары да оқиға орнына барды», — делінген хабарламада.


