Қазақстандағы банктер базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін де қолданыстағы депозиттік шарттар бойынша пайыздық мөлшерлемені біржақты тәртіппен қайта қарауға құқылы емес. Бұл туралы Ұлттық банкте өткен брифингте корреспонденттің сұрағына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Бұл дұрыс жауап — жоқ, ол сақталады. Яғни депозиттік шартқа қол қойылған кезең ішінде ол сақталады. Егер депозиттік шарт бір жылға жасалса, мөлшерлеме де бір жылға сақталады, банк оны біржақты тәртіппен қайта қарауға құқылы емес. Егер шілдеде 20 пайызбен келісім жасасаңыз, 2027 жылдың шілдесіне дейін 20 пайыз болып қалады», — деді Тимур Сүлейменов.

Ол депозиттер мерзімді және жинақ депозиттері болып бөлінетінін қосты. Мерзімді депозиттердің мерзімі 3–6 ай, өйткені банк өзгеріп отыратын базалық мөлшерлемеге ұзақ уақыт бекіп қалғысы келмейді.

«Бірақ депозиттердің басқа түрі бар — жинақ депозиттері. Олардан ақша ала алмайсыз, бірақ ақшаңызды банкке ұзақ мерзімге пайдалануға бергеніңіз үшін ол сізге қосымша табыс береді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, ұзағырақ әрі жоғарырақ мөлшерлеме қаласаңыз, жинақ депозиттері сияқты құралға назар аударыңыз — 12, 18, 24 айлық нұсқалары бар. Әдетте олар жоғарырақ мөлшерлеме береді», — деп қосты Сүлейменов.

Бұған дейін Ұлттық банктің Қазақстанда базалық мөлшерлемені не үшін төмендетіп жатқаны хабарланған болатын.