Ұлытау облысының Сәтбаев қалалық сотында алимент төлемеген ер адамға қатысты әкімшілік іс қаралды. Анықталғандай, алимент бойынша қарыз 1 178 310 теңгеге жеткен. Борышкер төлемеу себебін жұмыстың жоқтығымен түсіндіріп, қарызды болашақта өтейтінін уәде етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлытау облысы соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, іс Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігімен — сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау бойынша қаралған.
Алиментті 1/4 мөлшерінде өндіру туралы сот бұйрығы бойынша жауапкер ақша төлеуге міндеттелген. Атқарушылық құжат жеке сот орындаушысының өндірісінде тіркеліп, кейін атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Қазіргі таңда алимент бойынша қарыз 1 178 310 теңгені құрайды.
Атқарушылық іс жүргізу аясында жауапкердің мүліктік жағдайы тексерілген, алайда оның атына тіркелген мүлік анықталмаған. Жеке сот орындаушысы жауапкерге сот шешімін орындау қажеттігі туралы бірнеше рет ескертіп, одан түсініктеме мен міндеттеме алған. Алайда ер адам сот шешімін орындамаған.
Сот отырысында ер адам жұмысы жоқтығына байланысты алимент төлей алмайтынын, бірақ болашақта қарызды өтеуге ниетті екенін түсіндірді.
Сот оны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындады.


