Үндістан соты тұтқындалған Unity мұнай танкерінің экипажын ауыстырып, елге қайтаруды ұйымдастыруға шешім шығарды. Танкердегі теңізшілердің арасында Қазақстан азаматы бар. Шешім 6 қазанда қабылданды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сот шешімі туралы алғашында экипаж мүшелерінің бірінің туысы айтты: ол РИА Новостиге берген сұхбатында үндістандық тарап теңізшілерді ауыстыру мен елге қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті екенін жеткізді. Әйел шешімнің орындалу мерзімін білмейді.

Кейінірек бұл ақпаратты Калькуттадағы Ресей Федерациясының Бас консулдығы растады, деп хабарлады ТАСС.

Қаулыға сәйкес, Үндістан билігіне теңізшілерді түсіріп, елге қайтаруды ұйымдастыру, сондай-ақ танкер экипажын ауыстыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Шығындар кеме иесінен өндірілуі мүмкін. Нақты орындалу мерзімдері әзірге белгісіз.

Еске салайық, қыркүйекте бұқаралық ақпарат құралдарында кеме бортында 20 Ресей азаматы, сондай-ақ Қазақстан азаматы және екі Мысыр азаматы бар екені туралы мәліметтер пайда болды. Калькуттадағы Ресейдің Бас консулдығы тұтқындалған мұнай танкеріне жөндеу қажет екенін, сол себепті ол жүзуді жалғастыра алмайтынын нақтылады.

Үндістанда мамыр айында тұтқындалған танкер бортында Қазақстан азаматы бар екені туралы ақпарат шыққан соң, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Ведомство нота жіберілгенін атап өтті.