Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай облысында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасына басқа облыстардың полицейлері тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, іс-шара осы жылдың 17 қазаны мен 1 қарашасы аралығында аталған үш өңірде жүргізілуде.

Үш тәулік ішінде жол қозғалысы ережелерінің 700-ге жуық бұзушылығы анықталды. Атап айтқанда, 8 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған, 12-сінің басқару құқығы болмаған немесе одан айырылған. Тағы 34 жүргізуші бағдаршамның тыйым салатын белгісімен өтсе, екеуі қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Анықталған барлық фактілер бойынша заңнамаға сәйкес шара қолданылды.

«Басты мақсат — жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адам өмірін сақтап қалу. Құрметті азаматтар! Әрқайсыңызды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірлеріңізді аялауға және айналаңыздағылардың қауіпсіздігін ойлауға шақырамыз. Есіңізде болсын: жолдағы бір қателік адам өміріне қымбатқа түсуі мүмкін. Жолдардағы қауіпсіздік — біздің ортақ жауапкершілігіміз!» — деп атап өтті ІІМ-де.