«Верный Капитал» компаниялар тобы OLX Group-тан OLX Казахстан (OLX KZ) онлайн-хабарландыру бизнесінің 100 пайызын сатып алу мәмілесін аяқтағанын хабарлады. Сатып алу барлық реттеуші рәсімдер аяқталған соң Beeline Казахстан портфельдік компаниясы арқылы жүзеге асырылды, мәміле сомасы 81 млн АҚШ долларын құрады, деп жазады infohub.kz сайты.

OLX Казахстан елдегі ең танымал цифрлық платформалардың қатарында: ол белсенді интернет аудиториясының 52 пайыздан астамын қамтиды және ай сайын шамамен 9 млн белсенді пайдаланушысы бар. Платформа тауарлар мен қызметтер, бос орындар, автомобильдер мен жылжымайтын мүлік сияқты түрлі санаттарда хабарландыру жариялауға кең мүмкіндік береді.

Аталған мәміле топтың инвестициялық портфелін кеңейту стратегиясына сай келеді және оның ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруға, Қазақстан нарығындағы цифрлық шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған цифрлық қызметтер сегментіндегі орнын нығайтады.

«Бұл біз үшін портфельді жай ғана кеңейту емес, күнделікті цифрлық қызметтер инфрақұрылымына салынған инвестиция. Хабарландыру платформалары экономикада маңызды рөл атқарады: олар пайдаланушыларды, шағын бизнесті және жергілікті нарықтарды байланыстырады. Біздің міндетіміз – осы активті оның мықты тұстарын сақтай отырып, технологиялық құрамдасын күшейте отырып ауқымдау», – деп атап өтті «Верный Капитал» компаниялар тобының инвесторы Болат Өтемұратов.

Интеграция нәтижесінде Beeline Казахстан пайдаланушыларға заманауи цифрлық оператор моделіне сай келетін, өзара байланысқан цифрлық шешімдердің кең жиынтығын ұсына алады.

«Бұл сатып алу VEON трансформациясын айқындайтын цифрлық оператор стратегиясын жүзеге асырудың тағы бір маңызды кезеңі болды, – деді VEON бас атқарушы директоры Каан Терзиоглу. – Біз қызмет көрсететін барлық нарықта миллиондаған адамға қаржылық, медициналық, білім беру және ойын-сауық цифрлық қызметтеріне қолжетімділік беретін цифрлық экожүйелерді дамытып келеміз. OLX KZ-ті сатып алу портфелімізді Қазақстанның жетекші онлайн-хабарландыру платформасымен толықтыруға мүмкіндік береді».