Америкалық United Launch Alliance (ULA) компаниясының Vulcan Centaur зымыран-тасығышын ұшыру сәтсіз аяқталды: 41-ші ғарыштық старт алаңынан көтерілгеннен кейін 10 минут өткенде ақау пайда болып, Amazon Leo-ның 40 кең жолақты спутнигі төменгі Жер маңы орбитасына шығарылмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы ULA X әлеуметтік желісінде мәлімдеді. Компанияның хабарламасында ақау туралы тұжырым ұшыру жөніндегі директор алған деректерге негізделгені айтылған.

«Ұшыру жөніндегі директорымыз алған деректерге сүйене отырып, 41-ші ғарыштық старт алаңынан ұшырылған Vulcan зымыран-тасығышының старттан 10 минут өткен соң ақауға тап болғанын және Amazon миссиясын орбитаға шығара алмағанын растаймыз. Әр ұшу дерек береді, әр ұшу бізге бір нәрсе үйретеді. Ақау жаңа ғана болғандықтан, бүгін не болғанын түсіну үшін нақты деректер әзірге жоқ. ULA елімізге және бізге сенім артқан клиенттерге ғарышқа кепілді қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Осы мақсат — ғарыш ұшуларындағы ең күрделі миссияларды қолға алуымыздың және миссия табысының стандартын ұстануымыздың себебі. Бүгін біз бұл стандартқа сай келе алмадық», — деді компанияда.

ULA тапсырыс берушімен және басқа да бейінді ұйымдармен тығыз жұмыс істеп, болған жағдайдың себебін анықтауды, қажетті түзету шараларын белгілеуді және ұшуды барынша қысқа мерзімде қайта жандандыруды жоспарлап отырғанын қосты.

«ULA клиенттерімен толық ашықтық ұстанымына адал, олар тергеу үдерісіне тартылады, оның барысында қатаң әдіснама қолданылады. Жаңа ақпарат пайда болғанда қосымша жаңартуларды ұсынамыз», — деп хабарлады компанияда.

Бұған дейін ULA Vulcan Centaur Amazon Leo-ның 40 кең жолақты спутнигін төменгі Жер маңы орбитасына жеткізуі тиіс екенін мәлімдеген. Әлеуметтік желі қолданушылары ұшыруды талқылай отырып, ауа райы стартқа қолайлы болғанын, бірақ Centaur үдеткіш блогы қалыпты іске қосылмағанын атап өтті.