X әлеуметтік желісі бейнежазбаларды қиюға арналған кіріктірілген функцияны ұсынды. Ол авторлар мен қолданушыларға қысқа үзінділер жариялап, қаралымнан табыс табуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жаңа функцияның іске қосылғанын компания өкілдері дүйсенбі күні мәлімдеді. Қызмет — кіріктірілген бейнередактор. Оның көмегімен қолданушылар ұзақ бейнежазбаларды қосымшаның ішінде-ақ қысқа ролик форматына қиып, өз түсініктемелерін қосып, жеке парақшасында жылдам жариялай алады. Осылайша платформа танымал блогерлер мен контент жасаушыларды тартуды көздеп отыр.

Ұзақ жазбалардан қысқа үзінді жасау әлеуметтік желілерде кең тараған тәсілге айналды: мұндай формат көрермен назарын ұстап, қамтуды арттырып, жарнама берушілерді көбірек тартуға мүмкіндік береді. Компания нақтылағандай, әр жасалған үзіндінің астында түпнұсқа бейнеге сілтеме жасайтын "Clip from" деген арнайы белгі пайда болады. Бұл платформа қолданушыларына автордың толық ролигіне бірден өтіп, оның шығармашылығымен танысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар платформа қатысушыларға монетизация мүмкіндігін ұсынды. Түпнұсқа контент авторлары да, клип жасаушылар да Original Content Rewards серіктестік бағдарламасы арқылы қаралымнан табыс таба алады. Бағдарлама сервис талаптарына сай авторларға қолжетімді, ал төлемдер аудиторияның тартылу деңгейіне қарай есептеледі. Бейне қию тәжірибесін инфлюенсерлер, маркетингтік агенттіктер және саяси штабтар науқандарды ілгерілету үшін жиі қолданады.

Соңғы жылдары әлеуметтік желі басқа платформалармен бәсекелесу үшін функционалын белсенді түрде кеңейтіп келеді. Мәселен, 2022 жылы сервис YouTube-пен бәсекелесу үшін ұзақ бейнероликтер жариялауға рұқсат берді, сондай-ақ мәтін ұзындығына қатысты қатаң шектеулерді алып тастап, премиум жазылушыларға Substack стиліндегі үлкен мақалаларға қолжетімділік ашты. Биылғы наурызда платформа тек жазылушыларға қолжетімді эксклюзивті ақылы тақырыптар функциясын қосты, ал шілдеде тікелей эфирлер студиясын іске қосып, үздік стримдерді қолдауға бір миллион доллар бөлді.