1 қараша күні кешке Украинаның халықты қауіп-қатер туралы ескертуге арналған ресми «Әуе дабылы» қосымшасына хакерлік шабуыл жасалды. Соның салдарынан пайдаланушыларға радиациялық және химиялық қауіп туралы, сондай-ақ Киевте көше шайқастары қауіп төндіреді деген жалған хабарламалар келе бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиғаға алғаш болып Украинаның Қарулы күштері ден қойды — әскерилер радиация қаупі туралы хабарламаларды жоққа шығарды. Кейін қосымшаны әзірлеушілер бұзу фактісін растады: олар хабарламаларды өшіріп, қызметтің өз жұмысын тоқтатты. 2 қарашаға қараған түні мамандар кибершабуылдан кейін қосымша жұмысының біртіндеп қалпына келіп жатқанын мәлімдеді.
Сол уақытта Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және дүлей зілзала салдарларын жою істері жөніндегі министрлігінің мобильді қосымшасына да шабуыл жасалғаны белгілі болды. Басылым дерегінше, министрліктің қосымшасы ауқымды кибершабуылға ұшырап, оның салдарынан қаскөйлер пайдаланушыларға жалған ақпарат тарата бастаған. Басылымның жазуынша, олар Ресейге қарай «ядролық оқтұмсықтар» ұшырылды деген хабарламалар алған.
РБК дерегіне сәйкес, Ресей ТЖМ қосымшаға шынымен шабуыл жасалғанын растады — қаскөйлер халыққа жалған ақпарат тарата алған. «Қазіргі таңда мобильді қосымшаның осал тұсын жою және оның қалыпты жұмысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді министрлікте.
Сондай-ақ құтқарушылар халықты ескерту жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қосымшаны бұзу ескерту жүйесінің жұмысына әсер еткен жоқ және етуі мүмкін де емес.


