Ресейдегі «Яндекс» компаниясының үшінші дата-орталығы 11 қазан күні таңертең зақымданғаннан кейін «Яндекс Пэй» сервистеріндегі техникалық ақаулар күшейе түсті. Бұған дейін ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан Сасово мен Калугадағы инфрақұрылым нысандары істен шыққан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Яндекс» финтех бағытының жетекшісі Дмитрий Пирогов шұғыл мәлімдеме жасап, компанияның шоттар мен аударымдарға қатысты толық қалпына келтіру мерзімін нақты атай алмай отырғанын мойындады.

«Ең бастысынан бастайын: сіздің барлық ақшаңыз қауіпсіз. Ақшаның өзі дата-орталықта сақталмайды. Онда сервистердің жұмысын қамтамасыз ететін серверлер орналасқан. Әрбір шот туралы жазбалар әртүрлі алаңдарда бірнеше көшірмеде сақталады. Біз олардың тұтастығын тексердік: бірде-бір жазба жоғалмаған», — деп сендірді ол.

Инженерлер тобы қалпына келтіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Алайда Пирогов нақты мерзімді әзірге атай алмайды.

«Сізге әзірге „бәрі қайта істеп тұр“ деп айта алмайтыныма қатты өкінемін. Топ сервистерді қалпына келтіруді жалғастырып, әрбір қадамды тексереді. Сіздің ақшаңыз туралы сөз болғанда, бізге „Яндекс Пэй“-ді тезірек қайтару ғана емес, оның сенімді жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу де маңызды», — деп қосты ол.

Еске салайық, Қазақстанда «Яндекс Go» сервистерінің — такси мен тағам және тауар жеткізудің жұмысында ақаулар байқалып отыр. Компания сервистерді қалпына келтірумен айналысып жатқанын мәлімдеді, бірақ нақты мерзімдер әзірге белгісіз.

Айта кетейік, соңғы бірнеше күнде украиналық ұшқышсыз аппараттар Ресейдің түрлі аймақтарындағы «Яндекс»-тің ірі дата-орталықтарына бірнеше рет шабуыл жасады. 11 қазанда Владимирдегі дата-орталық жұмысын толығымен тоқтатты. Компания шығынды бағалап, пайдаланушыларға баламалы қалпына келтіру жоспарларын қолдануды ұсынады. Бұған дейін Рязань облысындағы дата-орталықта шабуылдан кейін өрт шыққан, ал Калуга облысында бірнеше модуль істен шығып, сервистер жұмысында үзілістерге әкелген.