YouTube бейнехостингі теледидардағы қаралымдарды есептеу жүйесін жаңартты: енді бір экранның алдында отырған бірнеше көрермен роликтердің жалпы статистикасында ескерілетін болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа көрсеткіш «бірлескен қаралымдар» деп аталды. Ол ұзақ бейнелерге, Shorts форматындағы қысқа тік роликтерге және тікелей трансляцияларға қатысты болады. Бұл ретте өзгерістер тек теледидардағы қаралымдарға ғана әсер етеді.
Компаниядағылардың пікірінше, бұрынғы жүйе бейнені топ болып тамашалаған жағдайда нақты қамтуды төмендетіп көрсетіп, авторларға контенттің танымалдығы туралы толық көрініс бермеген. Жаңалық аудиторияны есептеуді теледидар мен стримингтік сервистердің стандарттарына жақындатуға бағытталған.
Экран алдындағы көрермен санын анықтау үшін алаң камераларды, микрофондарды немесе бөгде құрылғыларды пайдалануды жоспарлап отырған жоқ. Оның орнына алгоритм аудиторияны құпиялылыққа қауіпсіз статистикалық модель арқылы есептейді. Ол демографиялық деректерге, қарау уақытына және нақты сынақ өлшемдерінің нәтижелеріне сүйенеді, алайда жүйенің жұмыс тетіктерін компания ашпайды.
Жаңартудың арқасында роликтердің жария қаралым санағыштары мен ойнату уақыты өседі, бірақ жаңа алгоритм бұрынғы қаралымдарға кейінге қарай қолданылмайды. Авторларға жаңа статистика арналарды дамытуды дәлірек жоспарлауға және жарнама берушілермен келіссөз жүргізуге көмектеседі.
Сонымен қатар бұл көрсеткіштер жарнамадан түсетін табысқа және YouTube-тің серіктестік бағдарламасына қатысу шарттарына әсер етпейді — төлем бұрынғыша тек расталған қаралымдар мен сағаттар үшін ғана есептеледі.


