Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында жаңа әуежай құрылысы аяқталуға жақын. Нысан пайдалануға берілген соң мұнда Өскемен, Алматы және Астанаға әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр, ал кейіннен Қытайдың Үрімжі, Алтай және Қанас қалаларына да ұшу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Құрылыстың барысын ауданға жұмыс сапары кезінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов тексерді. Оның айтуынша, жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Әуежай инфрақұрылымының негізгі бөлігі дайын. Ұзындығы 2,2 мың метр ұшу-қону жолағы салынып, перрон мен ұшу жолдары жабдықталды, кіреберіс жолдар ретке келтірілді. Радионавигациялық және жарық сигналдық жабдықты орнату, сондай-ақ инженерлік желілерді тарту жұмыстарының басым бөлігі орындалды.
Әуежай Bombardier Q400 және ATR-72 ұшақтарын қабылдай алады. Перрон бір мезгілде төрт әуе кемесін қабылдауға, жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға дейін қызмет көрсетуге есептелген.
Қазір құрылысшылар терминал, инженерлік нысандар мен авариялық-құтқару құрылыстарын салуды аяқтап, қалған жабдықты орнатып, аумақты абаттандыруда.
Әуежайдың іске қосылуы ауданның көлік қолжетімділігін жақсартып, туризмді дамытуға қосымша жағдай жасауы тиіс. Зайсан өңірі табиғи және тарихи көрікті жерлерімен танымал, алайда туристер санын арттыру үшін туристік инфрақұрылымды дамытып, қызмет көрсету сапасын көтеріп, жергілікті тұрғындарды туристік бизнеске тарту қажет.
Әуежай толық пайдалануға берілген соң мұнда 126 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ең алдымен Зайсандағы қазіргі әуежай мамандарын жұмысқа орналастыру қарастырылуда. Олардың кәсіби даярлығы мен тағылымдамадан өту мәселелері қазірдің өзінде пысықталуда.
«Бұл — Зайсан ауданы үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Жаңа әуежай аумақтың көлік қолжетімділігін жақсартып, оны ірі қалалармен байланыстырады және туризм, экономика мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Құрылысты аяқтап қана қоймай, нысанның толыққанды жұмысын қамтамасыз ету маңызды», — деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.


