Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Ресей көшбасшыларымен ықтимал үшжақты кездесу туралы пікір білдіріп, оны ұйымдастырумен Вашингтон айналысып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы Зеленский өзінің Telegram-арнасында жазды. Оның айтуынша, үшжақты кездесу жоспарланып отыр.
«Путинмен кездесуге келер болсақ, оны ұйымдастырумен АҚШ айналысып жатыр. Олардың үшжақты кездесу өткізу туралы ұсынысы бар. Ол Таяу Шығыс елдерінің бірінде өтуі мүмкін. АҚШ әрдайым БАӘ немесе Сауд Арабиясын атайды», — деді ол.
Сондай-ақ Украина президентінің айтуынша, кездесу АҚШ-та немесе Еуропа елдерінің бірінде де өтуі мүмкін.
«Кездесу АҚШ-та G20 отырысы барысында да өтуі мүмкін. Бірақ әзірге Ресей тарапынан да, тиісінше АҚШ тарапынан да ешқандай растау болған жоқ. Сонымен қатар кездесу Еуропа елдерінің бірінде өтуі мүмкін. Еуропалықтар бұл мәселе бойынша байланыс орната бастағанын білемін. Нәтижесін сәл кейінірек көреміз», — деп жазды Зеленский.


