Украина президенті Владимир Зеленский елдің энергетика нысандарына жасалған ауқымды шабуылдан кейін мәлімдеме жасап, АҚШ президенті Дональд Трампқа жүгінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісінде түнде Киев, Киев облысы және Харьковтегі энергетика нысандары мен аса маңызды инфрақұрылымға 39 баллистикалық зымыран мен 120-дан астам соққы беретін дрон және ұшқышсыз жауынгерлік аппарат қолданылғанын мәлімдеді.
«Бұл ресейлік баллистикалық зымырандармен дәл энергетика нысандарына — АҚШ президенті жариялаған бітімгершілік қамтитын инфрақұрылымға жасалған мақсатты соққы болды. Бұл соққы толығымен әдейі және ауқымы жағынан көрсетушілік сипатта болды — Ресей бұрын-соңды АҚШ-қа мұндай айқын құрметсіздік танытпаған. Ресей Америка президентінің мәлімдемелерін жеткілікті күшті деп санамайды», — деп жазды Украина президенті.
Оның айтуынша, шабуылдар салдарынан кемінде 600 мың адам электр жарығынсыз қалды. Сонымен қатар электрмен жабдықтаудағы үзілістер одан да ауқымды болуы мүмкін.
«Біз президент Трампты Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізуге шақырамыз, әсіресе жақында қабылданып, қол қойылған Линдси Грэмнің заң жобасы мұны жасауға мүмкіндік беріп, тиісті шараларды реттейді. АҚШ президентінің күш, әділеттілік және агрессорға қысым арқылы бейбітшілікті жақындату үшін қуатты әрі жеткілікті құралдары бар», — деп қосты Зеленский.
Сонымен қатар ол Украинаға Patriot жүйелеріне қосымша қарсы зымыран пакеттерін беруді сұрады.
Еске салайық, жақында АҚШ президенті Ресей мен Украина энергетикалық бітімгершілікке келіскенін хабарлаған болатын. Кейін Владимир Зеленский Ресейді энергетикалық бітімгершілікті бұзды деп айыптады.


