Уфада Ушаков көшесіндегі панельді бес қабатты үйдің қасбетінде ресейлік әнші Земфираның балалық шағы өткен жерде оның портреті бейнеленген мурал өзгертілді — гитара, «Воскресение» әнінің жолдары және әткеншектегі қыздың бейнесі қызғылт бояумен сызылып тасталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Граффити 2021 жылы пайда болған: суретші Олег Кайбышев гитараны, Земфираның үлкен портретін, әткеншектегі қызды және «Воскресение» әнінің жолдарын бейнелеген. Әткеншектегі қыз — әншінің өзі. Бұл туралы UTV телеарнасы хабарлады.
Үй тұрғындары болған жағдайға риза емес: олар Ресейде әншіні шетелдік агент деп танығанына қарамастан, жерлесімен мақтанады. «Мен көрші ауланың бұрынғы тұрғыны ретінде наразымын, бұл жерден өту әрдайым жағымды еді, бұл үйде Земфира тұрғанын бәрі білетін. Бұл тіпті тұрғын үй бағасын да көтерді, ал қазір жасалғаны — патриотизм емес, вандализм», — деп жазды пікірлерде бір қолданушы.
Басылым дерегінше, муралды жергілікті билік «Зов народа» қоғамдық қозғалысының негізін қалаушы Сергей Зайцевтің бастамасымен сызып тастаған. Қасбетті өзгерту үшін үй иелерінің келісімі қажет еді, алайда жұмыстар жалпы жиналыссыз жүргізілді. Қолданушылар биліктің бұл әрекеттерін әншінің саяси ұстанымымен және оның 2022 жылы Ресейден кетуімен байланыстырады.
Земфира 2025 жылы Алматыда өнер көрсетуді жоспарлаған, бірақ соңғы сәтте концерт тоқтатылды: екі апта бұрын ҚазҰУ стадионы әншіні қабылдаудан бас тартты. Әлеуметтік желілерде жұлдыз қазақстандық көрермендермен қоштасты — бәлкім, ол елде концерттер өткізуді әзірге жоспарламайтын шығар.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle 2023 жылы Земфираның Қазақстандағы концерттерге наразылығы үшін кешірім сұрағанын жазған.


