Жамбыл облысының Шу аудандық соты кәмелетке толмаған баланы асырауға алимент өндіру туралы сот бұйрығын орындамаған жергілікті тұрғынға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігі), деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, 2014 жылдың сәуірінде-ақ ер адамнан бала кәмелетке толғанға дейін ай сайын табысының 1/4 бөлігі мөлшерінде алимент өндіру туралы сот бұйрығы шығарылған.
Атқару құжатының болуына және мәжбүрлеп орындау шараларының бірнеше рет қолданылуына қарамастан, борышкер өз міндеттемелерін толық көлемде орындамаған. Соның салдарынан 6 млн теңгеден астам алимент қарызы қалыптасқан.
Ер адамның кінәсі сот бұйрығымен, атқару құжаттарымен және тараптардың түсініктемелерімен дәлелденді.
Сотта ол кінәсін мойындамай, ресми түрде жұмыс істемейтінін, жұмыссыз мәртебесі бар екенін және екінші некесінен алты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырғанын түсіндірді. Ер адам өзіне қоғамдық жұмыс тағайындауды сұрады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігінің санкциясы жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды не 20 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуды не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Сот жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Сот қаулысымен ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.


