Жамбыл облысында моншаға бару ер адамға 15 тәулік әкімшілік қамауға айналды: ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, кешкі сағат 22:00-ден кейін үйде болуға міндетті еді, алайда үйде болмаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-каналында мәлім болғандай, Сарысу аудандық соты шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін сот белгілеген шектеулерді қайта бұзған ер адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 480-бабының 2-бөлігі).
2026 жылдың шілдесінде ер адам бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Оған пробациялық бақылау мен белгілі бір шектеулер қойылып, ол бойынша 22:00-ден кешікпей үйде болуға міндеттелді.
Алайда 2026 жылдың қыркүйегінде сағат 22:30-да тексеру кезінде полиция қызметкерлері ер адамның тұрғылықты жерінде болмағанын анықтады. Бұған дейін, 2026 жылдың тамызында, ол осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған болатын.
Кінәсі хаттамамен, полиция қызметкерлерінің баянымен, сот актілерімен және істің басқа да материалдарымен расталды. Сотта есепте тұрған адам кінәсін мойындап, көрсетілген уақытта көршілерінің моншасында болғанын, сағатқа қарамағанын түсіндірді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 480-бабының 2-бөлігінің санкциясы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды немесе 15 тәулікке дейін қамауды көздейді. Сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Сот қаулысымен ер адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 480-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.


