Қостанай облысының тұрғыны телефон алаяқтарының құрбаны болып, 700 мың теңгесін сот арқылы қайтарып алды. Ақшаны алаяқтардың өзінен емес, сол қаражат түскен шоттың иесінен өндіріп алды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, Жуалы аудандық соты әйелдің негізсіз баю сомасын өндіру туралы азаматтық ісін қарады.
Сот әйелдің интернет-алаяқтардың құрбаны болғанын анықтады. Алаяқтар оған қоңырау шалып, өздерін энергиямен жабдықтау компаниясының қызметкерлері деп таныстырып, SMS-хабарламадағы кодты айтуды сұраған. Кейін әйелге белгісіз ер адам хабарласып, оның атына несие рәсімделуге әрекет жасалғанын айтып, заңсыз қаржы операцияларының алдын алу үшін ақшаны өзі көрсеткен банк шотына аударуға көндірген.
Алдау нәтижесінде талап қоюшы 700 мың теңге аударған. Алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген ол құқық қорғау органдарына жүгініп, жәбірленуші деп танылды.
Тексеру барысында аударылған қаражат Жамбыл облысының Жуалы ауданында тұратын жауапкердің банк шотына түскені анықталды. Сонымен қатар сот жауапкердің алынған ақшаны өз қалауы бойынша жұмсағанын анықтады. Тараптар арасында ақша алуға негіз болатын шарттық немесе өзге де құқықтық қатынастар болмаған.
Осыған байланысты талап қоюшы сотқа негізсіз баю сомасын, сондай-ақ сот шығындарын өндіру туралы талап қойды.
Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 700 мың теңге негізсіз баю сомасы, өкіл қызметіне ақы төлеу шығындары және мемлекеттік баж өндірілді. Шешім заңды күшіне енбеді.


