Жаңаөзенде жеті айлық сәби үй жағдайында қолынан ауыр жарақат алды: саусақтары темір желдеткішке түсіп, балаға дәрігерлердің шұғыл көмегі қажет болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Травматолог-ортопед Нұрсұлтан Асқаров Instagram парақшасында хабарлағандай, Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасының жарақат пунктіне үйде алған саусақ жарақатымен жеті айлық бала шұғыл жеткізілді.
«Қарау кезінде қолдың II, III және IV саусақтарының дистальді фалангалары деңгейінде травматикалық ампутация анықталды», — деп жазды дәрігер.
Дәрігерлер жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуден өткізді. Төртінші саусақтың ұшындағы бөлігі жоқ болғандықтан, оған культя жасауға тура келді. Үшінші саусақ қолмен тек тері тіндері арқылы байланысып тұрған — зақымдалған жерді өңдеп, тігіс салынды. Екінші саусақтың жарасы да өңделіп, тігілді.
«Бала әрі қарай емдеу мен бақылау үшін травматология бөлімшесіне жатқызылды. Стационарлық емнен кейін бала травматологтың бақылауында қалды», — деп қосты Нұрсұлтан Асқаров.
Дәрігер ата-аналарға да ескерту жасады: «Құрметті ата-аналар! Баланы қауіпті заттардың қасында қараусыз қалдырмаңыздар».


