Жұмыссыз қалған Қазақстан азаматтарына мемлекет бірнеше түрлі қолдау ұсынады — бос орындарды іздеуге көмектесуден бастап әлеуметтік төлемдерге дейін. Бұл туралы infohub.kz сайты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство дерегінше, қазақстандықтарға жұмыс іздеуге, кәсіптік оқытуға және субсидияланатын жұмыс орындарына орналасуға көмек көрсетілуі мүмкін. Сонымен қатар тиісті құқығы болған жағдайда азаматтар жұмыстан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем ала алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде адам жұмыссыз қалған жағдайда не істеу керектігі туралы қысқаша нұсқаулық дайындалды.

«Бірінші қадам — жұмыс іздеуші ретінде тіркелу. Мұны тұрғылықты жердегі мансап орталығында, электрондық үкімет порталы арқылы немесе Enbek.kz порталында жасауға болады. Тіркелгеннен кейін мансап орталығы кәсіпті, жұмыс тәжірибесін, біліктілікті, қалаған жалақы деңгейін және өзге де шарттарды ескеріп, бос орындарды іріктеп береді», — деп хабарлады ведомство.

Егер әзірге лайықты жұмыс болмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, оған жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шаралары ұсынылады. Олардың қатарында жаңа мамандық алу үшін кәсіптік оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу, сондай-ақ жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар өңірлерге өз еркімен қоныс аудару бар.

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмыстан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның мөлшері орташа айлық табысқа және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты», — деп нақтылады министрлікте.

Қолдау бос орын іріктелгеннен кейін тоқтамайтыны атап өтілді. Жұмысқа орналасқан соң мансап орталығы азаматтың жұмыспен қамтылуын бақылауды жалғастырады. Басты міндет — адамға жұмыс табуға көмектесу ғана емес, оны тұрақты жұмыспен қамтуға қайтаруды қамтамасыз ету.

Осылайша, жаңа жұмысқа жол бірнеше кезекті кезеңнен тұрады: жұмыс іздеуші ретінде тіркелу, бос орындарды іріктеу, қажет болса — қосымша қолдау шараларын алу және одан кейін жұмысқа орналасу.